Ауыл атауын ауыстырайық...
Добавил: ushkonyr 02 февраля 2012 08:07
Құдайға шүкір, Қазақстанда жоңғар ұлысының өкілдері жоқ. Әйтпесе олар да мәдени орталықтарымен қамданып, ұлттық киімдерімен әр мерекеде билеп жүргенінде, қазір Қаскелең мен Шамалғанның атауын өзгертуді ұсынып жүрген жергілікті әкімдіктер ыңғайсызданар ма еді, кім білсін...
Бұл арада отарлау заманынан қалған, орыстың «ұлы мәртебелі патшалары» Павел мен Петрдің атындағы Қазақстан қалаларының атауларын өзгерте алмай отырған тұсымызда, әрине, көзі жоқ жоңғар батырларының атындағы қала, ауыл атауларын өзгерте салу оңай-ақ. Бірақ елімізде прогресс бар: біз бүгін XVIII ғасырға тиесілі атауларды өзгертуге бел буыппыз, енді кері кетпей, тура жолмен жүре берсек, отарлық жылдарға да жетерміз. Дегенмен бар мәселе мұнда емес. Тарихшылар мен саясаттанушылар дабыл қағуда: Қаскелең мен Шамалған - жоңғар шапқыншылығы тұсында ерлік жасаған қазақ батырлығының, ұлт жеңісінің кепілі ретінде сақталған атаулар, ал әлі де өзгертілмей жүрген Павлодар мен Петропавл - отарлық заманнан қалған, бұратана ел болған қилы замандарды еске салып, намысқа тиетін аттар. Сондықтан ұлттық сананы жаңғыртуды неге дәл қазір солтүстіктен бастамасқа?!
Ұлттық тарихымызды түгендеп, жалпы тарихи санамызды қайта жаңғырта алмауымыздың кесірінен бе, әйтеуір Шамалған мен Қаскелең атауларына қатысты тарихшылар арасында ортақ ұстаным жоқ. Кейбір тарихшылар «Бұлар ауыз әдебиетінде ғана сақталған есімдер, негізі, оларға қатысты тарихи факті жоқ» десе, енді бірқатары «бұлар Наурызбай батырмен соғысып, оның қолынан қаза тапқан қалмақ батырлары. Олардың аттары қазақ жерінде «жауға құрмет» деген қағидамен сақталған» деседі. Тіл мамандары, тіптен Шамалған мен Қаскелең аттарының этимологиясын көне түркілік шамал (самал), қашқа, желең сөздеріне дейін апарып тастайды. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері үлкен дау-дамай туғызып келеді. Қаскелең, Шамалған, Боралдай сияқты атауларды өзгертуді қолдайтындар - кезінде қазақ халқын қырған, бірақ ақыр аяғында ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасында тарих көшінен із-түзсіз жоғалған жоңғар батырларының аттарын сақтауға болмайды дейді. Оның үстіне Шамалған ауылы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері. Ал бастаманы қолдамайтындар - бұл біздің ата-бабаларымыздың жеңісін көрсететін, халықтың жадында ерліктің нышаны ретінде қалған есімдер дегенді алға тартады. Қалай десек те, бүгінде Қаскелеңді - Қарасай батыр қаласы, Шамалғанды - Үшқоңыр ауылы деп өзгерту бастамасы Үкіметке дейін жеткен. Осыған орай кейбір саясаттанушылар халық бірқалыпты қарайтын атауларды өзгерткеннен бұрын, отарлық заманды еске салумен қатар, отарланбаған санаға ауыр тиіп отырған Павлодар мен Петропавл атауларына биліктің неге тісі батпайды деп наразы. Бұған қатысты тарихшылар ойы да әрқилы.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
- Біз ең әуелі орыстың зорлықпен енгізген атауларынан толық құтылмайынша, басқа мәселені бастаудың қажеті жоқ. Өйткені біз бұл тұста «мынау қытайдың, мынау қалмақтың атауы екен» деп басқа жаққа бұрылып кетеміз. Ал біздегі отаршылдықтың кепілі ретінде енген атаулардың барлығы - орыстілді атаулар. Бұлардан құтылмайынша, басқа мәселені бастау орынсыздау тәрiздi. Бұл тұста Қаскелең, Шамалған сияқты атаулар бізге еніп кеткен. Әрине, сол кезде қазақтың көне атаулары жойылған да шығар, мұны тарихшылар біле жатады ғой, бірақ Петропавл мен Павлодарды Қаскелең және Шамалғанмен салыстырған уақытта олардың арасы жер мен көктей. Ал көзімізді бадырайтып, арқамызға қамшыдай тиіп, намысымызды қоздыратын атаулар болса, өз басым Қаскелең мен Шамалғанды дәл солай қабылдамаймын. Меніңше, әрбір нәрседе белгілі бір жүйе болуы керек. Қазіргі кездегі біздің алдымыздағы ең негізгі міндет - отарлық замандағы атаулардан құтылу.
Павлодар мен Петропавлға қатысты Үкіметтің саяси байсалдылығы, күш-жігері ғана қажет. Өткен жолы Президент бұл қалалардың атауларын өз сөзінде түйреп айтып кетті. Сол тұста жергілікті әкімшілік мұны пайдаланып, атауларды өзгерте салуы керек еді. Бірақ мен мұның қиыншылығын білемін: демографиялық жағдай мен орыстілді ұйымдардың қиындығын түсініп отырмын. Сондықтан біз, «Ұлт тағдыры» қозғалысы «Ономастика туралы» заң қабылдайық деп ұсыныс жасадық. «Ономастика туралы заңда» атаулар қазақ халқының тарихына сіңген еңбегі үшін беріледі деген мәселе қамтылса, онда Павлодар, Петропавл қалаларын да, Ұйғыр ауданының атауын да өзгертуге болар еді. Егер де біз тиісті заңды қабылдасақ, «қалайша орыстарды дүрліктірмесек екен» дегендей мәселелер шешіледі. Біз Конституцияда құқықтық мемлекет екенімізді белгіледік, осы мәртебені пайдалану керекпіз. Неге екені белгісіз, Үкімет әлі күнге дейін бұл заңды қарастырып жатқан жоқ.
Талас ОМАРБЕК, тарихшы:
- Меніңше, халық әдет алып кеткен, қалыптасып кеткен атауларды қалдыру керек. Оның үстіне, қалмақ батырларының қазақтар қолынан қаза тапқаны рас болса, онда, керісінше, оларды сақтау арқылы елге мұны мақтанышпен көрсетпейміз бе? Бұл халықтың санасында қалған тарихи деректі жаңғырту сияқты. Бұл біздің ерлік дәстүріміздің, мақтанышымыздың белгісі ретінде қалуы керек. Ал кейінгі атаудың қабылдануы үшін 50-60 жыл қажет. Сондықтан бұл атауларды ешқандай да өзгертудің қажеті жоқ сияқты. Оның үстіне бізде, тарихшылардың қолында нақты дерек те жоқ. Мұнда біз тек қана Қазыбек бек Тауасарұлының жазбаларына ғана сүйенеміз. Оның өзіне де сенімсіздік білдіретін адамдар бар. Сондықтан мұны дау-дамайға айналдырудың қандай қажеттілігі бар?! Тарихшы ретінде мен Тауасарұлының мәліметі дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз, мен оның төте жазумен жазылған еңбегінің түпнұсқасынан біраз деректерді көрдім. Негізі, Тауасарұлы айтып отырған мәселе де халық арасында кеңінен таралған. Сондықтан бұған күдікпен қараудың қажеті жоқ. Мәселен, Жәнібек пен Керей хандарының көшіп келуі туралы жалғыз дерек көзі - Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қазақ хандығы туралы еңбегі. Бұған да күдіктенетіндер бар. Ал жалпы қалмақтың тарихына қарасаңыз, жаңағыдай қалмақ қолбасшыларының болғаны рас. Олардың біздің жерімізге басып кіріп, өңірде талай соғыстардың болғаны тағы шындық. Әрине, ел ішінде «біз жаулаушыны құрметтеп отырмыз» деп, бұл атауларды ауыстырғысы келетіндер болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде олардың есімдері қазақ батырларының жеңісінің белгісі ретінде қалған. Жекпе-жекте біздің батырлар оларды жеңгендіктен, сол жерді халық «мынау Шамалған өлген жер» деп айтып кеткен. Бұл - ерліктің белгісі.
Ал Павлодар мен Петропавл мәселесіне келсек, меніңше, жоғары деңгейде үлкен насихат жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл мәселені жергілікті мәслихатта қараған жөн. Тіпті оны тікелей Президенттің көзқарасымен анық айтып, көрсету керек. Әйтпесе Қазақстан Астанасының іргесінде орыстың, Ресейдің патшаларының аттарына берілген қалалар тұр. Онда біздің Астанамыздың не болғаны, онда қандай қадір-қасиет қалады?! Астананың маңында Павел пен Петр патшаларының атында үлкен-үлкен облыс орталықтары тұрса, біз сонда кімбіз: ресейлікпіз бе, әлде қазақпыз ба? Сондықтан мәселені батыл қою керек, бәлкім, бұл мәселені Президенттің пәрменімен шешу керек шығар.
Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ, тарихшы:
- Қытайдың кейбір деректерінде Шамалған, Қаскелең атауларының моңғол сөзінен шыққаны айтылады. Әрине, қытайдың барлық деректеріне сенуге болмас, десе де бұл атаулар қалмақтың сөзіне келіп тұр. Жетісудағы, Ертістің бойындағы біраз атаулардың қалмақтың сөздерімен аталғаны шындық. Қазір оны өзгертіп, тарихи атауларын қайтару керек. Дегенмен менің ойымша, егер де бұрынғы тарихи шындыққа қайта оралатын болсақ, онда осы атаулардан да ертеректе болған көне қазақ атауларын зерттеп, қайта жаңғыртуға тиіспіз. Мысалы, Талдықорған төңірегіндегі бір ауылға Қойлық деген атауды қайта берді. Ал Қойлық дегеніміз - осы төңіректе XI-XIV ғасыр шамаларында болған үлкен қала, мәдениет ошағы. Сол сияқты Ертістің бойында Қимақ мемлекеті тұрды. Сондықтан ол арадағы жерлерді Қимақия деп атауға болады. Менің айтпағым, көне түркі заманында, Қазақ хандығы тұсында осы жерлер қалай аталса, дәл сол көне тарихи атауларды қалпына келтіруге мүмкіндік жасалса дейміз. Ол үшін асығысқа салынбай тарихты жақсылап зерттеп, ғылыми жұмыстар жасау дұрыс шығар. Меніңше, жоңғарларға қатысты атауларды өзгертуге болады.
Негізі, бізде қазақи жерлердегі атауларды өзгерту оңайырақ. Ал солтүстіктегі атауларды өзгертуде «біреулерді ренжітіп аламыз ба» деген әңгіме жүреді. Дегенмен бұл қазақтың жері ғой. Ал қазақ жерінде отаршылдықтың атаулары әлі де сақталып отыр. Бұл тұста да оларға жаңа атауларды ежелгі түркі, Қазақ хандығынан сарпып алуға болады. Мұның бәрі - қазақтың қолында. Бұл арада атаулардың ғылыми ебін тауып өзгертсек, ешкім де бізге ренжімейді.
Кќмшат ТАСБОЛАТ
12.11.09.
Просмотры (637) Комментарии (0) Форум (Общие)